Астанада «C5+Жапония» бизнес-форумы өтті
Цифрлық даму министрлігі мен Challenge and Lead IT бірқатар құжатқа қол қойды
Астанада Орталық Азияның 5 мемлекеті және 100-ден астам жапон компаниялары мен ұйымдарының өкілдері бас қосқан «C5+Жапония» бірінші бизнес форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқосуда технологиялар мен инновациялар саласындағы өңірлер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету талқыланды.
Форумда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен жапондық Challenge and Lead компаниясы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Бұл құжат шеңберінде Қазақстаннан IT-мамандары Жапонияда оқуға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
«Challenge and Lead компаниясы Жапониядағы IT-жүйелерді дамытумен қатар Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Моңғолия сияқты елдердің IT мамандарын оқытуға және жұмысқа орналастыруға белсенді қатысады. Қол қойылған Меморандум қазақстандық мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың біліктілігін арттыруға және халықаралық жобаларда қолдануға мүмкіндік береді», - деп жазды министрлік.
Форумда жасанды интеллект технологияларын енгізу, дата орталықтарын салу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы салалардағы ынтымақтастық Орталық Азия елдеріне де, Жапонияға да айтарлықтай пайда әкеліп, өзара тиімді серіктестіктің жаңа перспективаларын аша алады.