Шығыс Қазақстанда із-түзсіз жоғалған жасөспірім бір тәуліктен соң табылды
Жоғалған қыз 10 жаста

Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары жоғалған жасөспірімді іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
5 тамыз күні кешке Риддер қаласының тұрғыны полицияға 10 жастағы қызы Евгенияның кешке далаға шығып, оралмағанын хабарлаған.
«Полиция бөлімінің жеке құрамы еріктілермен бірлесіп, дереу іздеуге кірісті. Бала жүруі мүмкін деген жақын маңдағы аймақтың әр бұрышы қаралды», - деп хабарлады полиция.
6 тамыз күні таңертең жасөспірім жергілікті тұрғынның бірінің үйінен табылды. Қала тұрғыны кешке көшеде келе жатып, жылап тұрған қызды байқаған. Онымен бірге үйге келген бала ештеңе айтпастан бірден ұйықтап қалған. Ертесіне оянып, әлеуметтік желіде іздеу жайлы мәліметті көрген тұрғын тәртіп сақшыларына жүгінген.
Қазір баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ол анасына тапсырылды.