Мақтаарал ауданында тағы 3 ауылды су басуы мүмкін
Облыстық штаб тұрғындарға су басқан жағдайда көшуге дайын болу керек екенін ескертеді
Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жаңажол ауылдық окугіндегі Өргебас ауылын қызыл су басып, М-39 Ташкент – Термез трассасының бойына жайылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Су кешеден бері ішкі каналдар арқылы тасжолдың келесі бетіне өтіп, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр және Достық ауылдық округіне қарасты Гүлістан ауылының егістік алқаптарына жайылып жатыр. Осыған орай Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакентте орналасқан облыстық штаб алдағы уақытта тұрғындарға су басқан жағдайда көшуге дайын болу керек екенін ескертеді.
«Нақтырақ айтқанда, үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіріп, өздеріңізбен бірге құжаттарыңызды, жылы киім, бағалы заттар және керекті заттарыңызды әзірлеп, эвакуацияға дайын болуларыңызды сұраймыз!», - делінген хабарламада.