«Ауа жоқ»: Өскемен-Алматы пойызында ер адам жан тапсырды
Тергеу амалдары басталды
74 жастағы жолаушы Алматыға барар жолда пойыз вагонында кенеттен көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өскемен-Алматы пойызында ата қайтыс болды. Ол вагондардағы ыстықты көтере алмады. Әйелі оны тамбурға шығарды. Сол кезде қария ауа жетпей, құлады. 13 жастағы немересінің көзінше қайтыс болды», - деп жазды паблик.
1 тамыз күні Сарыөзек станциясында №351 «Өскемен-Алматы» пойызының басшысы жедел жәрдем шақырған. Денсаулығы күрт нашарлаған 74 жастағы жолаушыға жедел көмек қажет болған.
«Жолсеріктер, жолаушылар және медицина қызметкерлері бірге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық мүмкін шараны қабылдады. Өкінішке қарай, жедел жәрдем бригадасы жолаушының қайтыс болғанын айтты.
Пойызбен жүру кезінде жолаушы жолсерікке жүгінбеген және денсаулығының нашарлауына шағымданбаған. Жолаушы жұбайымен бірге Жаңғыз-төбе станциясынан Алматыға жетуді көздеген. Жұбайының айтуынша, ер адам демікпемен ауырған», - деп түсіндірді ҚТЖ баспасөз қызметі.
Қонаев станциясындағы полицияның желілік бөлімінде Өскемен-Алматы жолаушылар пойызында кенеттен адам қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.