Петропавл университетінде «серпіндіктер» жаппай төбелесті

Жарияланған:
22.10.2019, 12:03

ЖОО басшылығы төбелес пен жуырдағы ректор «отставкасының» арасында еш байланыс жоқ екенін айтып отыр

Өткен жексенбі күні М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып жүрген студенттер жаппай төбелесті. Дәл осы уақытта білім ордасының ректоры Серік Өмірбаев та қызметінен кетті, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі.

«Мен 2 курста оқимын. Бізден бір курс жоғары оқитын студенттер танысуға шақырды. Ешқандай бөтен ойымыз жоқ, бардық. Кездескеннен кейін әңгіме ауаны басқа жаққа ойысты. «Старшактар» бізге «дедовщина» көрсетпек болды. Ай сайын белгілі бір сомада ақша тапсырып тұруды талап етті. Біз қарсылық таныттық. Соңы төбелеске ұласты. Кеше күні бойы Полиция департаментінде болдық. Бізден жауап алып жатыр. Ұялы телефондарымызды алып қойды. Университет басшылығы жатақханадан шығарылатынымызды айтып жатыр. Бұл жерде біздің ешқандай кінәміз жоқ. Қорғануға мәжбүр болдық. Бір рет айтқанына келіссең, олардың айдауына үнемі көнуге тура келеді. Біздің жағдайға түскен кез-келген адам осылай жасар еді», - дейді «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып жүрген студент.

Университеттің әлеуметтік мәселелер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Нұрлан Баимбетов төбелес ұйымдастырған студенттер оқудан, қалғандары жатақханадан шығарылатындығын айтты. Оқу орнының басшылығы істің ақ-қарасыз ажыратудан гөрі, бәрін жаппай жазалауды жөн санапты.

«Студенттердің арасында «сен мені сыйламайсың, мен сені сыйлаймын» сынды әңгімелерден жанжал туған. Бір-біріне күш көрсеткен. Біз мұндай жағдай болып жатқанын білген жоқпыз. Өздерінің айтулары бойынша 3 курстың 7 студенті кездесетін орын белгілеп, 2 курстың 3-4 судентін шақырған. Шын мәнінде 30-дан астам бала барған. Барлығы 50-дей адам болған. Көп кісі келгенін көріп, жоғарғы курстікілер қашқан, бұлар қуған. Біреуін ұстап алып, соққыға жыққан. Жарақат алған студент алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін ауруханадан шығарылды. Полиция департаментіне барды. Бұл жағдай бойынша тәртіптік кеңес өтеді. Төбелес ұйымдастыруға қатысқан студенттер оқудан, қалғандарының барлығы жатақханадан шығарылады. Жазығы болсын-болмасын, барлығы қуылады. Себебі олар қайда бара жатқандарын білді», - дейді Нұрлан Әбішұлы.

Проректор студенттердің бір-бірінен ақша талап еткенін жоққа шығарды. 

Ал, 21 қазан күні университет ректоры Серік Өмірбаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қызметінен кеткендігін жазды. «Мен ректор қызметінен кеттім. Бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Көп ойланып, осындай байламға келдім», - дей келе ұжымға алғыс білдірген. Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі басшылықтың жұмыстан кетуінің студенттердің төбелесіне ешқандай қатысы жоқ екендігін, бұл жай ғана сәйкестік екендігін мәлімдеді.

«Полиция департаментіне 20 қазан күні Есіл өзенінің жағасындағы «Восточный берег» дәмханасының жанына біраз жастардың жиналғаны туралы телефон хабарламасы түсті. Оқиға орнына Жедел басқару орталығының қызметкерлері мен жақын маңдағы полицияның кешенді күшінің жаяу бағыты және Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының 11 автопатрулі жіберілді. Тәртіп сақшыларын көрген жастар жан-жаққа бытырап, қаша жөнелген. Ауданды тексеру барысында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 46 студенті ұсталып, Подгорный учаскелік полиция пунктіне және Петропавл қалалық Полиция басқармасына жеткізілді. Облыстық және қалалық полицияның  тергеушілері  жанжалдың себебі мен мән-жайын анықтау бойынша жұмыс істеді. Оқу орындарының басшылығы, топтардың жетекшілері шақырылды. Төбелес еліміздің оңтүстік өңірлерден білім алуға келген түрлі фактультеттерде оқитын екінші және үшінші курс студенттерінің арасында тұрмыстық жағдайда орын алғаны белгілі болды», - дейді облыстық Полиция басқармасының баспасөз қызметінің маманы Динара Сағындықова.

Бұл жағдай университет қабырғасында туындап отырған алғашқы жанжал емес. Қыркүйек айында шет елдерден Қазақстанға білім алуға келген оралман студенттер арақ ішіп, жатақханадан қуылған еді.

«Жатақханада тұрудың өз тәртібі бар. Онда кешкі 11-ден кейін музыка қосуға, спирттік ішімдіктер ішуге, тыныштықты бұзуға болмайтын сияқты талаптар бар. Ол бұзылса, студенттер шығарылады. Арақ ішіп, мас болған жастарға пәтер табуға уақыт берілді. Олар кетеді, - дейді Нұрлан Баимбетов.

Студенттердің жаппай төбелесуі фактісі бойынша ҚР ҚК 293-бабы «Бұзақылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы Полиция департаменті, қалалық және облыстық прокуратура басшылығының бақылауында.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Біздің ең маңызды және қызықты жаңалықтарды біздің Telegram-каналдан оқыңыз
Өзге де қызықты мақалалар
Алматы облысында кісі өлтіріп қашып кеткен күдікті қолға түсті
Алматылық тұрғын өзінен қатты шуламауын өтінген ер адамға оқ атқан
Көкшетауда дүкеншіні соққыға жығып, ақшаны алып кеткен күдікті ұсталды

Сұхбат
Ресейде 800-900 мың қазақ өмір сүріп жатыр деген мәлімет бар, кей дереккөзде 1,5 миллион деп жазылған
«Абайдың 45 сұрағына» Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап берді 
Абайдың 45 сұрағына алғаш болып жауап берген - Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов
Бүгінде Кореяда жұмыс істеп жатқан қазақтардың саны артып келеді. Күнкөріс қамымен шетел асып барғандардың көпшілігі визасыз жұмыс істеп жүр.