Ақтауда қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған адам іздестіріліп жатыр

Azattyq Rýhy

Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Ақтауда қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған адам іздестіріліп жатыр
Бейнеден кадр

Ақтауда жолаушы себепсізден себепсіз қоғамдық көлік жүргізушісінің бетінен ұрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, автобустың ішіне орнатылған бейнебақылау камерасындағы таспада жолаушы микроавтобус жүргізушісіне жақындап келіп, оның бетінен шапалақпен ұрғанын көруге болады.

«Жүргізуші ауруханаға барып, медициналық көмекке жүгінді. Жолаушы өзін-өзі біртүрлі ұстап, салонда дөрекі сөйлеген, ал кондуктор оған ескерту жасағанда ол оған тап береді, содан кейін жүргізушіге жақындап келіп оны еш себепсіз ұрған. Таспада көрініп тұрғандай, жүргізуші ол адамға ешқандай ескерту жасамаған. Қайта автобус тоқтап тұрғанда болған жағдай бұл, ал егер автобус жүргізіп келе жатқанда болса, не болар еді, Алматыдағыдай жағдай қайталанар ма еді»,  – деді №2 автобус маршрутының қожайыны Руслан Ахметнабиев.

Полиция басылымға қазір құқық қорғау органдары жүргізушіні ұрған адамды іздестіріп жатқандарын айтқан. 

«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары қолға алынды. Күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешені қабылданып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.