Қонаевтағы атыста қаза тапқан жігіттің жақындары биліктен әділдікті талап етті

Темірхан Айжан

Жиналған топтың мәлімдеуінше, кінәлілер бұған дейін де бірнеше мәрте жазадан құтылған

Қонаевтағы атыста қаза тапқан жігіттің жақындары биліктен әділдікті талап етті
Фото: видеодан скриншот

Қонаев қаласында көз жұмған 21 жастағы Эльдардың туыстары мен достары жиналып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас Прокурорға және Ішкі істер министріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар кінәлілер тиісті жазасын алмай, сытылып кетеді деп күдіктенеді.

«Қонаевта 26 маусым күні түнгі сағат 22.00 – 23.00 шамасында атыс болды. Сол жерде Эльдар қаза тапты, екінші жараланған адам Шамиль қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның өкпесі тесіліп, бүйрегі алынды, ішегі мен бауыры зақымдалды, ішкі құрылысында сынықтар бар. Күдіктілер құқық қорғау органдарындағы байланысын пайдаланып, жазадан құтылуға әрекет жасап жатыр», - дейді олар.

Жиналған топтың мәлімдеуінше, кінәлілер бұған дейін де бірнеше мәрте жазадан құтылған. Ал қаза тапқан жігіт додаларда еліміздің намысын қорғап жүрген спортшы болған. Қала тұрғындары өз үндеуіне биліктің тез арада назар аударуын талап етті.

«Бұл бейнеүндеу Қазақстан халқына, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас Прокурорға және Ішкі істер министріне жолданады», - деді жиналған көпшілік.

Еске салсақ, Қонаев қаласындағы атыстан 21 жастағы жігіттің қайтыс болғаны хабарланған еді. Алматы облысының полициясы өлім фактісін растады. Кейбір деректерге сүйенсек, қазір осы қылмысты жасады деген күдікпен 1995 жылғы және 1997 жылғы екі адам ізделіп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.