Қазақтар ма, әлде пәкістандықтар ма: Грекияда орман өртіне байланысты Пәкістанның азаматтары ұсталған
СІМ ұсталғандар ішінде қазақстандықтар жоғын хабарлаған
Грекиядағы орман өртіне байланысты Пәкістанның 17 азаматы ұсталған. Бұған дейін гректің ақпарат құралдары өртке 17 қазақстандық туристің қатысы барын жазған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Newsbreak басылымына сілтеме жасап.
СІМ өкілі Айбек Смадияров ақпарат жарияланғаннан кейін бірден Грекия билігіне хабарласқан.
«Полицияның мәліметіне сәйкес, ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ және оларға ешқандай да талаптар қойылмаған», - делінген СІМ хабарламасында.
Еске салсақ, Грекияның Идра аралында туристер яхтаны жалға алып, отшашу атқан. Сол кезде аралдың бір бөлігі тұтанып, орман өртіне ұласқан. Бірнеше жергілікті БАҚ өртке қазақстандықтардың қатысы барын хабарлады.
Туристер алдымен тілсіз жауды өз күшімен ауыздықтауға тырысқан, бірақ сөндіре алмаған соң, өрт күзетіне хабар беріп, өздері кетіп қалған. Кейінірек Грекия билігі қайықтан отшашу атқан 13 адамды ұстады.