Астанада жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан күдікті ұсталды

Azattyq Rýhy

Заң бұзған адам жауапқа тартылды

Астанада жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан күдікті ұсталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

Астанада жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотқа дейінгі тергеу барысында 41 жастағы ер адам Krisha.kz сайтына нарық құнынан төмен бағада пәтерді жалға беру туралы хабарландырулар жариялағаны белгілі болды.

Ол шұғыл ақша қажет деп және пәтер жалдауға ниет білдіргендердің көптігін сылтауратып, жәбірленушілерден 90 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі алдын ала төлемді аударуды сұраған.

Бүгінге дейін алаяқтың қармағына түскен 9 азамат полицияға жүгінген. Олардың бірі - 23 жастағы жәбірленуші, күдікті жіберген пәтердің фото-бейне жазбаларына сеніп, үйді көрместен 120 мың теңге ақшалай қаражатты алаяқтың шотына аударған.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі кезде басқа да зардап шеккендер анықталып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.