«Баламның өлгенін күтіп отыруым керек пе?»: Қарағандыда қызының дерті асқынған блогер жанайқайын жеткізді

Аягөз Құрмаш

Баланың өкпе қабынуы асқынып, плевритке айналған

«Баламның өлгенін күтіп отыруым керек пе?»: Қарағандыда қызының дерті асқынған блогер жанайқайын жеткізді
фото: видеодан скриншот

Қарағандылық блогер Марал Иммамади Қарағанды көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлерінің сылғырттығынан қызының ауруы асқынып кеткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Майқұдықтағы балалар ауруханасына 13 маусымда түстік. Дәрігерлердің  жұмысына салғырт қарауының кесірінен қызым осындай жағдайға тап болды.Уақытылы дұрыс медициналық көмек көрсетілмегеннің салдарынан пневмониямен ауырып келіп, плевритке асқындырып алдық.  Құрметті жоғарыда отырған билік өкілдері,  осындай жағдайға басқа да ата-аналар душар болмас үшін уақытылы іс-шара қолдануларыңызды сұраймын», - дейді ол.

Жас ана баласының дене қызуы 40 градус болғанда ауруханаға келгенін, бірақ дәрігерлер үйіне қайтарып жібергенін айтты. 

«Баланың өкпесін тексеріп, бронхит деп дәрі салып, қайтарып жібереді. Олар маған ауруханаға жатудан бас тартатын қағазға қол қойдырып, үйге қайтарып жіберді. Үйге барған соң бала тағы ауырып, мен келесі күні емханаға бардым. Олар да бір күннен кейін анализ аламыз дейді. Сосын, балада пневмония болып шығып, осы ауруханаға келдік. Жөтел бар деп инфекциялық бөлімге жіберді. Күндізгі 2-ден 6-ға дейін сандалып жүрдік. Баланың жағдайы нашарлай берді. Дәрігерлер келіп қарамайды.Өзің іздеп барасың. 9 тәулік қызуы түспеді», - дейді ол.

Марал атағандай, баланың пневмониясы асқынып, плевритке айналған.

«Сонда мен үндемей, баламның өлгенін күтіп отыруым керек пе? Ешкім дұрыс қарамайды. Екі күн бұрын осылай шулату керек еді. Өкініп отырмын. Мұны осы деңгейге жеткізбеу керек еді. Дәрігерлер өз қателіктерін түсініп, кешірім сұрап жатыр. Бірақ ол қызымның жағдайын түзеп бермейді. Демалыста келгенде де кезекші дәрігер дұрыс қарамайды. Мен сияқты қанша ана бар», - дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.