Үзіліссіз ең ұзақ ұшқан рейс жайлы не білеміз?
Австралиялық «Qantas» авиакомпаниясы әуе рейстері тарихында Нью-Йорк қаласынан Сиднейге дейін үзіліссіз ең ұзақ тікелей коммерциялық ұшумен есте қалды.
BBC NEWS порталының мәліметінше, Dreamliner «Боинг 787-9» бортында әуе жолсеріктері, журналистер тобы, 6 жиі ұшатын жолаушылар мен авикомпанияның бас директоры Алан Джойсты қосқанда 49 адам болған. Әуеде олар 19 сағат 16 минуттай уақыт ұшып, 16200 км қашықтықты еңсерген.
Белгілі болғандай аталған рейс ұзақ уақыт әуеде ұшу мен уақыт алмасуы кезінде адамдардың қандай жағдайда болатыны туралы зерттеу үшін ұшырылған. Ұшу барысында зерттеушілер тобы ұшқыштардың ми белсенділігі мен олардың әуе бортындағы жарықтандыруға бақылау жасап, жолаушылардың дене жаттығуларын орындауларын, дұрыс ұйықтап, тамақтануын қадағалап отырған.
Ұшақ Сидней қаласының әуе айлағына жексенбінің таңында қонған. Капитан Шон Голдингтың хабарлауынша, тікелей рейс Лос-Анджелес қаласына аялдап ұшатын рейске қарағанда 3 сағат уақытты үнемдеген. Бұл эксперименттің маңыздылығы- ұшқыштардың ұшу кезінде шаршап қалу қауіптілігі мен жолаушылардың жұмысы мен демалысына ыңғайлы рейстерді қарастыру. Бұл зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, осы ақпараттардың негізінде Сидней мен Монаша университеттерінің мамандары адамның тез шаршауы және уақыт алмасу кезіндегі қиындықтарымен күресу әдістерін әрі қарай талдайтын болады деп күтілуде.