Танымал блогерге тіл тигізген стендап-комик 15 тәулікке қамауға алынды
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
Сот анықтағандай, айыпталушы ойын-сауық мекемесінде стендап көрсету кезінде жиналғандарға қатысты әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған. Оған ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұған дейін әлеуметтік желіде 2 миллион оқырманы бар «Мадлен» атымен танымал блогер Мадинахон Мамадалиева мен Алматының стендап клубы қатысушыларының арасында кикілжің туғаны жазылған еді.
Алматының стендап клубында Нұрасхан есімді стендапер сахнадағы әзілінде «Су тасқынына кінәлі, ақшаны жымқырған жемқорлар Дубайға барып, әрі қарай Мадлен сияқты блогерлерді шақырып, көңіл көтеруді жалғастырады» деген еді. Бұл блогердің шамына тиіп, оны сотқа беретінін айтқан. Әзілді айтқан автор мен Алматы стендап клубы Мамадалиевадан кешірім сұраған.
«Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растады. Сот айыпталушыны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», - делінген соттың хабарламасында.