Түркістан облысында екінші рет мас күйде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды

Azattyq Rýhy

Куәландырудың қорытындысына сәйкес оның «орта дәрежелі» мас күйде екені анықталды

Түркістан облысында екінші рет мас күйде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды
Фото: freepik.com

Түлкібас ауданында полицейлер екінші рет мас халде көлік басқарған егде жастағы жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Кезекті шақыртуға шыққан Түлкібас ауданының полицейлері ауыл көшелерінің бірінен жол қозғалысы ережесін бұзып бара жатқан жүргізушіні байқаған.

Нақтырақ айтқанда, тәртіп сақшалыра қауіпсіздік белдігін тақпаған, көшеде ерсілі-қарсылы жүрген «Daewoo Nexia» маркалы көлікті тоқтатты.

Тәртіп сақшылары тексеру кезінде жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Сондай-ақ тексеру барысында, 53 жастағы ер адамның 2022 жылы мас халде көлік басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Жүргізушіге қатысты медициналық сараптама тағайындалды. Куәландырудың қорытындысына сәйкес оның «орта дәрежелі» мас күйде екені анықталды.

Полицейлер көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, екінші рет ішімдік ішіп көлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.