Қызылорда облысында жоғалған балалар аман-есен үйіне оралды
Карантин режимін сақтамаған ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылып, іс аудандық сотқа жолданды
Қызылордада үйлеріне оралмаған жеткіншектерді полиция қызметкерлері тауып, ата-анасына қауыштырды, деп хабарлайды Polisia.kz.
19 сәуір күні сағат 14:00 шамасында Жалағаш ауданы Таң ауылында 7-8 жастағы балаларының ойнап келеміз деп үйлерінен шығып кетіп, қайта оралмағаны жөнінде олардың ата-аналары полицияға арызданады.
Балаларын ата-аналары бастапқыда өздері іздеген екен. Алайда, оларды таба алмағаннан кейін сол күні сағат 23:05 шамасында Жалағаш ауданының Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Нұрбек Сариевке хабарлама береді.
Учаскелік полиция инспекторы ахуалды толық нақтылап, «102» арнасына қоңырау шалған. Жедел түрде осы дерек бойынша бөлім бастығы Нурлан Ағаділовтің нұсқауымен топ құрылып, іздестіру жұмыстары басталады.
«Жалағаш ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалған балаларды түні бойы іздеп, түнгі сағат 03:00 шамасында Таң ауылынан шығысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан «Шіркейлі»каналының тұсындағы шабындық жанында ұйықтап жатқан жерінен тапты. Бабаларды іздестіруге ауыл тұрғыны Ахметов Төремұратта атсалысып, көмектесті. Полицейлер оларды ата-аналарына аман-есен тапсырды.
Төтенше жағдай кезіндегі карантин режимінің талаптарын сақтамағаны үшін екі баланың ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ата-аналар мен балаларға алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдай орын алмас үшін профилактикалық түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Қызылорда облысының Полиция департаменті ата-аналарды төтенше режим кезінде жарияланған карантин талаптарын сақтап, балалардың жүріп тұруын қадағалауды сұрайды.