Шығыс Қазақстан облысында тағы 3 адам коронавирус жұқтырған
Қазіргі таңда бұл өңірде қауіпті вирус жұқтырғандар саны 11 адамға жетті
Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында тағы үш адамның коронавирусты жұқтырғаны анықталды. Қазіргі таңда бұл өңірде барлығы 11 адам вирус жұқтырған.
Қауіпті індетті Өскеменнің екі тұрғыны — 1972 жылғы ер азамат пен 1970 жылғы әйел адам, сондай-ақ Абай ауданының 1960 жылғы тұрғыны жұқтырған. Екі жағдайда COVID-19 пневмония мен ЖРВИ диагноздары қойылған адамдардан, бір жағдайда профилактикалық зерттеу кезінде анықталды.
Қазіргі таңда науқастар оқшауланған және тиісті емді қабылдап жатыр. Бұған қоса, эпидемиологиялық зерттеу және вирусты жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды анықтап, оларды да оқшаулау жұмыстары қолға алынған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, үш жағдай бойынша 16 ошақ, 138 байланыс жасаған адам анықталды. Оның ішінде — 29-ы жақын қарым-қатынаста болған, 109-ы әлеуетті байланыста болғандар.
«Облыста барлығы 11 адам коронавирусты жұқтырған, оның екеуі сырттан келген, 9-ы жергілікті жерде жұқтырған. Сонымен қатар, Өскемен қаласында 1 адам инфекцияның кесірінен көз жұмды. Ауырып қалғандар арасында 2 бала бар, жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде. Сондай-ақ, вирусты жеңіп шыққан 3 адам бар», - делінген хабарламада.