Түркістан облысында қарақшылар жанармай құю бекетін небәрі 40 секундта тонап кетті
Олар кассадағы 170 мың теңгені қолды қылған

Түркістан облысының Сайрам ауданында белгісіз екі адам жанармай құю бекетін тонап кетті деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, оқиға бірнеше күн бұрын болыпты. Таңғы сағат 5:45 шамасында қосауыз мылтықпен және газ баллонымен қаруланған күдіктілер бекетке басып кірген. Олар оператордың бетіне газ шашып, күзетшіні қарумен қорқытып, касса қызметкерінен 170 мың теңгені тартып алып кеткен. Оларды сыртта көлікте үшінші сыбайласы күтіп тұрыпты.
Бұл қылмысты жасауға қарақшылар небәрі 40 секунд уақыт жұмсаған.
Полицейлер үш күдіктінің біреуін ұстаған. Сол арқылы қалған екеуінің кім екендерін анықтапты. «Қылмыс таңғы уақытта жасалғандықтан куәгерлер болмаған. Оның үстіне, күдіктілер өте шапшаң қимылдаған. Біздің білуімізше, қарақшылар қылмысты алдын ала жоспарлап, оған дайындалған. Үшеуі де жергілікті тұрғындар. Бірі бұрын сотталған. Өзге күдіктілерді іздеу шаралары жалғасып жатыр», - деді облыстық ПД Криминалды полиция басқармасының басшысы Құрманбек Сахов.