Бишімбаевтың қорғаушылары ресейлік сарапшыға ақша төлеп, сараптама жасатқан – прокурор
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмауды сұрады
Қазір сотта Бишімбаевтың адвокаттары ұсынған қазақстандық және ресейлік мамандар жасаған сараптама талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Кеше қорғаушы тарап эксперт Тілемісованың сараптамасын іс материалдарына қосуды сұрады. Біз оған қарсымыз. Өйткені зерттеу процедурасы бұзылған. Сотқа да, қатысушыларға да аталған зерттеуге байланысты хабар берілмеген. Тілемісова қылмыстық істің бүкіл материалын зерттемеген. Қорғаушы тарап оған көшірме түсін берген. Оған қоса заттық айғақтар зерделенбеген. Жасалған сараптаманың заңдылығы ҚР заңына сәйкес келмейді. Қорытындының дұрыстығы да күмән тудырады. Қорғаушы тараптың ұсынып отырған сараптамасы бұған дейінгі Алматы мен Астана қаласының мамандары берген қорытындыға қарама-қарсы», - деді прокурор.
Айжан Аймағанова сонымен қатар ресейлік мамандар жасаған екінші сараптаманы да дәйек ретінде істен алып тастауды сұрады. Шетелдік сарапшылар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, берген қорытындылары үшін жауапкершілік арқаламайды.
«Аталған зерттеудің қызмет ақысын төлеген Бишімбаевтың адвокаттармен келісім арқылы жасалып отыр. Адвокат – тапсырыс беруші, ал сарапшы – тапсырысты орындаушы. Осыған байланысты біз мамандардың материалдық пайда көруге мүдделі болған деп санаймыз, адвокаттар өз кезегінде өздеріне пайдасы бар қорытындыны алады»,- деді мемлекеттік айыптаушы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сотта жауап берген сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров Салтанат Нүкенованың ми қабығына қатты қан кеткенін, оның мұрны сынғанын, адам өз бойымен, өз салмағымен жерге құласа, үлкен ісік пайда болмайтынын айтқан еді. Көптің ықыласына бөленген сот сарапшысы әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашқан. Қазір оның 106 мың оқырманы бар.