Чернобыль аумағындағы өрт Припять қаласына жетті
Өрт АЭС-тің радиоактивті қалдықтар қоймасына 2 шақырымдай жерге жақындап қалды

Украиндағы Чернобыль атом электростанциясы маңында он күннен астам уақыт бұрын басталған орман өрті әлі сөнген жоқ. Тіпті, өрт АЭС-тің радиоактивті қалдықтар қоймасына 2 шақырымдай жерге жақындап қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Украиналық басылымдардың жазуынша, өрт бастапқыда Чернобыль АЭС-сі аумағында орналасқан ауылдардың бірінен шыққан. Қары аз жауған қыстан құрғақ шыққан орманға бірден лап қойған өрт ауыздықтауға келмей, айналаға жылдам тарап кеткен. Тіпті, біртіндеп Припять қаласына, сондай-ақ, «Подслесный» радиоактивті қалдықтар қоймаларына жақындап еледі. Ол аумақта атом электр стансасының ең жоғары активті қалдықтары орналасқан. Қазіргі уақытта өрт пен қоймалар кешенінің аралығы небәрі екі-ақ шақырымды құрап отыр.
Айта кетерлігі, өрт 4 сәуір күні 20 гектар аумақ аралығында басталып, біртіндеп жел ығымен АЭС жаққа қарай тарай бастаған. Бүгінде орманның 200 га аумағын жалмаған өрт қаупіне байланысты бірнеше ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Өрт сөндіру жұмысына 400-ден астам адам, 100-ге жуық техника бірлігі, оның ішінде авиация қатысқан.
Қазіргі таңда ел билігі бұл аумақтағы радиация деңгейі еш өзгерген жоқ деп жауырды жаба тоқығанымен, Чернобыль облысының тұрғындары радиацияның жоғарылап кеткенін айтып, дабыл қағуда. Кейбір сарапшылар ағаш діңгектерінен бөлініп шыққан радиация ауа арқылы бос қалған кеңістікке еркін тарап, радиоактивті жауын түрінде жерге түсуі мүмкін дейді. Сондай-ақ, егер өртті жуық арада тоқтатпаса, біртіндеп Беларусь шекарасына да жетіп, көрші ел аумағына өтуі мүмкін деген болжам бар.
«Бүгінде өрт салдарынан 200 га жуық орман тып-типыл болып, күл астында қалды. Өрт тек орманды ғана емес, бұрынғы 12 ауыл мен олардың маңындағы зираттарды да, Чернобыль-2 әскери қаласы аумағын да жайпап өтті. Жүздеген жан-жануар қырылып қалды, мыңдаған аң-құс баспанасынан, қорек көзінен айрылды», - деп жазады tsn.ua басылымы.
Украиналық полиция мәліметінше, өртті о баста қасақана тұтатуы мүмкін деген күдікпен бірнеше азаматты ұстап, олардың үстінен қылмыстық іс қозғаған.
Еске салсақ, 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апат болып, 150 мың шаршы шақырым аумақ жоғарғы радиация астында қалған болатын.