AIBA-ға вице-президент болған алғашқы қазақ өмірден өтті
Бүгін Қазақстан спортына зор еңбек сіңірген Бекет Махмұтов 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті
Бекет Махмұтов әр жылдары Қазақстан бокс федерациясы мен дзюдо федерациясын басқарды, Халықаралық бокс федерациясының (АІВА) вице-президенті қызметін атқарды.
Ұлттық Олимпиада комитеті марқұмның отбасына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтты.
«Қазақстан спорты үлкен қазаға ұшырады. Белгілі қоғам қайраткері, спортшы әрі бапкер Бекет Сапабекұлы Махмұтов өмірден өтті. Еліміздегі ең құрметті спорт атқамінерлерінің бірі және қоғам қайраткері бар өмірін отандық спортты дамытуға арнады. Бекет Сапабекұлының басшылығымен қазақстандық бокс әлемдік аренада нық қадам басқан болатын. Оның қолдауы, кәсіби шеберлігі мен спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында отандық боксшылар Олимпиада ойындары мен өзге де ірі жарыстарда үлкен жетістікке жетті», - делінген жеделхатта.
Бекет Махмұтов 1939 жылдың 20 қаңтарында қазіргі Алматы облысына қарасты Фабричный елдімекенінде дүниеге келген. Саналы ғұмырын отандық спортты дамытуға арнаған ол 1998-2007 жылдары ҚР бокс федерациясының президенті, 1996-2006 жылдары аралығында халықаралық бокс қауымдастығының (АІВА) бірінші вице-президенті болып жемісті еңбек етті.
Б.Махмұдов АІВА-да басшылықта болған алғашқы қазақ азаматы. Оның тұсында ҚР ұлттық құрамасының сегіз боксшысы Олимпиада Ойындарының финалына шықты. Соның ішінде 2000 жылы Сиднейде 4 қазақ боксшысы ақтық сында өнер көрсетіп, екеуі жеңіске жетті. Екі боксшы Вэл Баркер кубогына ие болды. Сонымен бірге, Қазақстан спортшылары арасында Василий Жиров бокстан тұңғыш олимпиада чемпионы, Болат Жұмаділов тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Ол басшылықта жүрген жылдары Қазақстан ұлттық құрамасы бокстан Атланта (1996), Сидней (2000) және Афины (2004) олимпиадасында үздік үштікке ілінді.
Бекет Сапабекұлы самбодан КСРО спорт шебері. 2009-2012 жылдары ҚР дзюдо федерациясының призиденті, 2012 жылдан бері қарай «Құрметті президенті» болды. Ол федерацияға басшылыққа келген уақытта Максим Раков әлем чемпионатында топ жарды.