Қызылордада жалған құжатпен 5 млн теңге несие алған алаяқ сотталды
Ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды
Қызылорда қаласының №2 сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен қылмыстық ісі қаралды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Іс-құжаттарына сәйкес, бұрын алаяқтық үшін сотты болған, сотталушы С. Алматы қаласына барып, А., есімді азаматқа жалған жеке куәлік жасату үшін флешкаға салынған фотосын берген. Сотталушы бірнеше күн өткеннен кейін, аталған жерде Т., есімді азаматтың атына дайындалған жалған жеке куәлікті және барлық мәліметтер жазылған ақ қағазды алып, 20 000 теңге ақшаны сол жерде қолма қол санап берген. Сотталушы С. азамат Т.-ның атынан құқық беретін жалған ресми құжатпен Қызылорда қаласының банк филиалына барып, банк қызметкерінің сенімін теріс пайдаланып, ірі мөлшерде яғни, 4 874 000 теңге ақша қаражатын азамат Т-ның атына несие рәсімдеу арқылы жымқырып, өз қажеттілігіне жұмсаған», - делінген хабарламада.
Сотталушы С. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.