СҚО-да блок-бекеттен айналып өтпек болғандар ұсталды
Олар трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болған
Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері карантиндік бекетті айналып өтпек болған жастарды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
«12 сәуірге қараған түні төрт азамат«Kia Spectra» көлігімен Петропавл қаласынан шықпақ болған. Полицейлер оларды № 1 блок-бекетте тоқтатты. Олар Бәйтерек ауылына достарының моншасына жуынуға бара жатқандарын айтады. Көлік жүргізушісі кері бұрылғанымен, сәлден соң трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болған. Блок-бекетте кезекшілікте тұрған сақшылар оларды байқап қалып, карантиндік аумақтан шыққанға дейін тоқтатты. Медициналық куәландыру жолаушылардың мас емес екенін көрсетті», - деп жазылған хабарламада.
Төрт жігітке қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша материал жиналып, оларды үш тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарылды.