Шымкентте адамды сүзіп тастаған бұқа иесі жауапқа тартылды
Ол ірі қараның арқаннан босап, қашып кеткенін айтып ақталған
Шымкентте жол бойында тұрған ер адамды бұқа сүзіп тастаған деп жазады Polisia.kz.
Жергілікті полицейлер жануардың иесін тауып, оны жауапқа тартты.
Оқиға қала көшелерінің бірінде болып, бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Видеокадрлардан бұқаның көше жағалап келіп, көліктің жанында тұрған ер адамды сүзіп құлатқанын анық байқауға болады.
Полицейлер малдың иесін дереу анықтап, оны полиция бөлімшесіне жеткізіпті. 42 жастағы азамат ірі қараны базардан сатып алғанын, үйіне келер жолда арқаннан босап шығып кеткенін айтып ақталды.
«Осындай жағдайларға жол бермеу бойынша бұқаның иесімен профилактикалық сұхбат жүргізіліп, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 2-бөлігі (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген, жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген полиция таратқан хабарламада.