Жамбыл облысында карантин режимі енгізіледі
Облыс аумағында 27 блок-бекет қойылды
Жамбыл облысында 9 сәуір күні сағат 00:00-ден бастап карантин режимі енгізіледі. Облыс аумағы бойынша 27 блок-бекет орнатылды, оның ішінде Тараз қаласында 7 блок-бекет қойылған, деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі.
Автокөліктердің және азаматтардың келуіне және шығуына тыйым салынады. Қоғамдық көліктердің қозғалысы келісілген кестеге сәйкес шектелген (07:00-ден 10:00, 12:00-ден 15:00, 17:00-ден 20:00-ге дейін). Такси қызметі санитарлық гигиеналық жағдаймен қамтамасыз етілген ресми көліктерде ғана көрсетіледі.
Жанармай құю станциялары, қаржы институттары, банктер, банктік айырбастау пункттерінің штаттық режимде жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.
Келесі жағдайларды қоспағанда, аймақта адамдардың және жеке көліктің еркін жүріп-тұруына тыйым салынады:
- азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу
- медициналық көмекке жүгіну
- үй жануарларын үй маңында 30 минутқа серуендеу
- мемлекеттік және әлеуметтік көмек алу мақсатында мемлекеттік және өзге де мекемелерге бару
- күтпеген ТЖ және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар болған жағдайда
- көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін (ауылдық жерлерде).
Азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған автобөлшектерді сату, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөптерді өткізу орындарын қоспағанда, барлық сауда нысандарының қызметі тоқтатылды.
«Қазпочта» АҚ бөлімшелерін, қонақ үйлерді, дөңгелек жөндеуді қоспағанда, барлық қызмет түрлерін көрсету нүктелерінің қызметі тоқтатылады.
Қоғамдық тамақтандыру нысандары тек «тұтынушыларға жеткізіп беру» қағидаты бойынша жұмыстарын сағат 10-00-ден 22-00-ге дейін жалғастырады.
Халықтың жаппай жиналатын орындарына, өзге де демалыс орындарына кіруге тыйым салынады.