Алматыда артезиан суына кезекке тұрғандар карантин тәртібін бұзды
Алатау ауданында екі жерде 500 метр тереңдіктен су шығады
Алматыдағы Алатау ауданының халқы артезианнан су тасып ішу үшін ұзын-сонар кезекке тұруды әдетке айналдырған. Бұл көрініс елде төтенше жағдай енгізілсе де тыйылмай тұр. Карантин ережелеріне қайшы келетін көріністі жергілікті билік реттеуге асықпай отыр деп айтуға негіз бар. Бұл туралы жер астынан шыққан суды пайдалану үшін жиналатын халықтың әрекетін сырттай бақылаған Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.
Қаладағы Алатау ауданында жер астынан шығатын ашық су көздерінің екі мекенжайы тіркелген. «Зерделі» шағынауданы мен «Шаңырақ-2» шағынауданында орналасқан бұл орындарды жергілікті атқарушы билік ауыз суы жоқ халық үшін пайдалануға рұқсат берген. Алайда мұндағы санитарлық жағдай, көріктендіру және тәртіп мәселесі назардан тыс қалған. Дәл бүгінгі көрініске қарағанда, артезиан суын тасып ішетін халық карантин ережелерін ұмыт қалдырған. Су шығып жатқан құбырдың айналасына топтасқан адамдар кезекке тұрғанда, тиісті талаптарды сақтап тұрған жоқ.
Суретте: Жанқожа батыр көшесі, 08 сәуір 2020 жыл
Біз жоғарыдағы сұрақтың жауабын Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтен білуге тырыстық. Биыл қаңтар айында тағайындалған аудан басшысы адам толассыз келіп жатқан бұл орынды жаба алмайтынын бірден айтты. Оның айтуынша, ауданда халықтың 21 пайызы ауыз сумен қамтылмаған. Сондықтан тереңдігі 500 метрден шығып жатқан жерасты суын тоқтатпау туралы шешім қабылданыпты.
«Ол жерде полиция тұр. Елге түсініктеме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан бүгінгі таңда 79 пайыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Суы жоқ мекенжайлар бар. Біз ол артезианды бекітіп тастап, елді сусыз қалдыра алмаймыз. Ауданда осындай су шығатын екі жер бар. Біреуі «Зерделі» шағынауданында, біреуі сол Шаңырақта, Жанқожа батыр көшесі мен БАК-тың (Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы - авт.) қиылысында. Ара қашықтықты сақтап, су алып жатыр. Ол судың жерден шығып жатқанына 20 жыл болды. Заңды түрде рәсімделмеген. Зерттелуі аяқталған жоқ. Бірақ жердің астынан 500 метрден шығып жатқан су, ол негізі таза су», - дейді аудан әкімі.
Алатау ауданы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Дархан Сейсеновтің айтуынша, санитарлық талаптар бойынша кезекке тұрғанда арақашықтық 1-1,5 метрден кем болмауы керек. Ал қоғамдық тамақтану орындарында бір үстелдің көлеміндей, яғни адамдар 2 метр алыс отыруы тиіс. Бірақ көше бойындағы ауыз суға келгендердің бұл талаптардың сақтамайтынын байқау қиын емес.
«Біз ол артезиан суының бәріне мониторинг жүргізіп, әр кез сынама алып тұрамыз. Судың көрсеткіштері химиялық және бактериологиялық жағынан санитарлық ережелерге сай. Негізі, адамдардың өздеріне де байланысты. Қауіпсіздігін ойласа деп сұраймыз»,- дейді ауданның бас санитар дәрігері.
Соңғы 20 жылдан бері ашық жатқан ауыз су көзі ауданның құрылғанына он екі жыл өтсе де ретке келтірілмеген. Тұрғындардың айтуынша, тереңнен шығып жатқан суға үймелеген жұрт бір сәт те толастамайды. Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков биыл бұл жер абаттандырылып, халықтың су алуына жағдай жасалады деп сендірді. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 300 млн теңге де қарастырылыпты.
«Артезиан суының айналасын абаттандыру үшін осы көктемде жұмыстар басталуы керек еді. Мына вирусқа орай карантин болып тоқтап қалды. Негізі, жоспарда бар. Бірнеше жерден құбыр өткізіп, адамдардың тәртіппен жиналуын қамтамасыз етеміз. Жан-жағын бетондаймыз. БАК (Үлкен Алматы каналы - авт.) бойын Солтүстік айналма жолынан бастап, Жанқожа батыр көшесінің арасында көріктендіретін боламыз»,- дейді аудан әкімі.
Айта кету керек, елде карантин талабын бұзғандар жазаланады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес, 10 АЕК, яғни 26 510 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Ескерту: Алатау ауданының әкімі кешқұрым жоғарыдағы фотосуретті жолдап, су құбырының басына жиналған адамдар арасында санитарлық талаптарды сақтау шаралары қолға алынғанын жеткізді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы