Алматыда полициядан қашқан «психтың» көлігінен тапанша мен пышақ табылды
37 жастағы азамат 5 полицейге бой бермей қашып кеткен
Карантиндік тәртіпке бағынбаған «Subaru» маркалы жеңіл көлік жүргізушісі тәртіп сақшыларынан қашамын деп бір полицейдің аяғын мыжып кеткен. Бұл жағдай 8 сәуір күні Алматыдағы Саин көшесінің бойында болған.
«Оның соңына түсіп, Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында жолын жаптық. 1983 жылы туған А. есімді азамат ұсталды. Ұсталған азаматтың көлігін тексеру кезінде қару табылды. Тәркіленген қарулардың кімге тиесілі екені ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады. Сонымен қатар, А.есімді азаматта өзімен бірге пышақ та болған», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.
Тәртіпке бағынбаған А. есімді азамат полицейлерге өзін жақын танитындар «псих» деп атайтынын, кез келген сәтте төбелесіп, өзге де қылықтар көрсете алатынын мақтана айтқан.
«Көпшілігі мені «псих» дейді. Басқаша пайымдайтынымды айтады. Кейде дөрекі, жат қылық көрсетемін. Кейде күлемін», - дейді ол.
Ал, полиция өкілдері соңғы кезде Алматыда тәртіпке бағынбай, қарсылық танытатын адамдардың көбейіп кеткенін хабарлады.
«Төтенше жағдай кезінде жоғарыда аталған қылмыстардың жасалуы - бұл жағдайды қиындатып, сәйкесінше, жаза күшейтіледі», - деді подполковник Әзірбек.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы