Оралдағы жарылыс: үйінді астынан екі адамның денесі табылды
Марқұмдардың жеке басы анықталып жатыр
Оралда кафедегі жарылыс орнынан екі адамның денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазіргі уақытта ТЖД күштері қираған құрылымдардың астынан 6 адамды тауып, құтқарды, оның 5-і медициналық мекемелерге жеткізілді, 1 адам ауруханаға жатудан бас тартты.
Сондай-ақ оқиға орнында 2 адам қаза тапты. Адамдардың жеке басы анықталып жатыр. Үйінділердің астында әлі де адамдар болуы мүмкін», - делінген ТЖД хабарламасында.
Қазіргі кезде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаның салдарын жоюға ТЖД өкілдері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жедел медициналық жәрдем күштері – барлығы 110-нан аса адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды.
БҚО ТЖД штабында 8 (7112) 55-40-88 нөмірі бойынша жедел желі жұмысы ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде екі қабатты дәмхана ғимаратында жарылыс болған. Алдын ала мәлімет бойынша газ-ауа қоспасының жарылуы нәтижесінде ғимарат құлап, артынша өрт шыққан.