«Зардап шеккендер бар»: Орал қаласында кафеде жарылыс болды
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Орал қаласында кафеде жарылыс болып, соңы өртке ұласты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 қаңтар күні сағат 02.07-де Сырым Датұлы көшесі 52-мекенжайында өрт шыққаны жөнінде хабар түскен.
Оқиға орнына сағат 02:17-де жеткен өрт сөндірушілер екі қабатты RIZYQ дәмханасының ғимаратында алдын ала болжам бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы болғанын хабарлады. Салдарынан ғимараттың 110 шаршы метр бөлігі қирап, 25 шаршы метр аумақты өрт шарпыған.
«Тілсіз жау сағат 02:40-та сөндірілді. Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен жеке құрамнан 39 адам, 13 техника, жедел жәрдем бригадасы (18 адам, 6 техника) полиция департаменті (28 адам, 7 техника) қызметкерлері жұмыс істеді. Қазіргі уақытта БҚО ТЖД және облыс әкімдігінің күштерімен қираған үйінділерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиғаны БҚО әкімдігі де растап, оқиға орнына облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің арнайы барғанын, зардап шеккендер бар екендігін жеткізді.