ШҚО-да кісі өлтірді деген күдікке ілінген ер адам дарға асылған күйде табылды
Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам өз-өзіне қол жұмсаған
Адам өлтірді деген күдікке ілінген Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны аймақтағы орманның бірінен дарға асылған күйінде табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Noks-ке сілтеме жасап.
Өткен жылдың күзінде Риддердегі көпқабатты үйдің бірінен 33 жастағы әйелдің денесі табылған. Марқұмның денесінен «зорлық-зомбылық белгілері» анықталған. Бұл оқиғадан кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде оған қатысы бар болуы мүмкін ШҚО азаматы туралы ақпарат тарады. Бейресми деректер бойынша, күдікті марқұм әйелмен бірге тұрған. Ал, сұмдық оқиғаға дейін олардың бірге тұрған пәтері сатылғаны анықталды.
Көп ұзамай 1974 жылы туған күдіктіні іздеу туралы ақпарат жарияланып, артынша ол ұсталды.
«Бұрын іздеуде деп жарияланған күдіктінің мәйіті 19 желтоқсанда Риддердің төртінші ауданындағы орман алқабынан табылды», - деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Суицид фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.