$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

2023 жылы елімізде орын алған ірі апаттар

Төтенше жағдайдың кесірінен жүзден астам адам қаза тапты

2023 жылы елімізде орын алған ірі апаттар
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

2023 жылы елімізде бірқатар ірі апат пен өрт болды.Оқыс оқиғалардың салдарынан қаза тапқан адамдардың саны да аз емес. Жауапсыздықтың кесірінен орын алған алапат өрт пен жарылыстар ел тұрғындарының наразылығын күшейтті. Билікке қойылған талап пен айтылған сын аз болмады. Қоғамдық резонанстан соң ресми билік шұғыл шешімдер қабылдап, жауапсыз шенділерді қамауға да алды. Биыл адам өмірін жалмаған апаттарды Azattyq Ruhy саралап шықты.

«СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ» ӨРТ

2023 жыл 8 маусым «Семей орманы» аумағында алапат өрт орын алып, салдарынан 14 адам көз жұмды. Оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында болып, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесті. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Семей орманы» аумағындағы қайғылы оқиғаға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Соның оннан бірін өрт шарпып, 200 адам Семей қаласындағы жатақханаларды паналауға мәжбүр болды.

«КАЗАХСТАНСКАЯ» ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ

17 тамыз күні сағат 10:05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тау-кен өндіру дирекциясының «Казахстанская» шахтасында D6 көмір баурайында конвейер лентасы өртенді. «ПВАСС» РТСШ үш бөлімшесі (15 қызметкер және 5 техника) және Төтенше жағдайлар департаментінің 8 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды. Бұл кезде шахтадағы 227 адамның 222-сі эвакуацияланып, 5-і қайтыс болды.

ЖҮРГІЗІШІСІЗ АВТОБУС ҚАҚҚАН 5 АДАМНЫҢ ӨЛІМІ

2023 жылғы 8 сәуірде шамамен Шымкент қаласында автобус жүргізушісі аялдамаға жетпей, автобусты тоқтатқан. Содан кейін автобустың қол тежегішін тартып қоймай, одан түсіп кеткен. Жүргізуші сол жердегі дәмхананың дәретханасына кірген. Иесіз қалған автобус өздігінен қозғалып, Байтереков пен Назарбеков көшесінің қиылысындағы қарсы бағыттағы бағдаршамның алдында тұрған 6 жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Апат салдарынан 5 адам қаза тапты. Автобус жүргізушісінің өз кінәсін толық мойындады.  Сот жүргізушіні Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға, бас бостандығынан 5 жылға айырды.

ТҮРКІСТАНДА 9 АДАМНЫҢ ТІРІДЕЙ ӨРТЕНУІ

Шілде айында Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан 10 адам мерт болды. Бәйдібек ауданында жоғары жылдамдықпен келе жатқан үш көлік соқтығысып, 9 адам тірідей өртеніп кеткен. Тағы бір ауыр жарақат алған науқас ота кезінде көз жұмды.14 адам ауыр жарақат алды. Ірі жол апаты Бәйдібек ауданындағы Екпінді мен Шаян ауылдарының арасындағы жолда таңғы сағат 09:00-де болған. Қос көлік қана сиятын тар жолда Nissan жеңіл көлігі қарсы бағытқа шығып, Созақ ауданынан келе жатқан жолаушылар толы шағын автобуспен бетпе-бет соғылған.

АЯГӨЗДЕГІ 4 БАЛАНЫҢ ӨЛІМІ

Қазан айында Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапты. Балалардың әкесі  жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді. Анасы үй шаруасында екен. Сол күні сүт сатып, дүкеннен азық-түлік алмақшы болу үшін үйінен шыққан. Осы екі-ортада үйден өрт шығып, 4 баланың өмірін жалмады.  Балалардың үлкені 8 жаста. Одан кейінгілері 6, 4, 2 жаста болды.

«КОСТЕНКО» ШАХТАСЫНДАҒЫ ӨРТ

Биылғы жылдың 28 қазанында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында жойықн жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған еді. Осы оқиғадан кейін Қазақстан билігі «Арселор МитталТеміртау» компаниясын шетелдік инвестордан сатып алып, қазақстандық инвесторға тапсырды. Бұл келісім Қазақстан Үкіметіне 286 миллион долларға шықты. Компанияның жаңа атауы «Qarmet» деп аталды.

АЛМАТЫ ХОСТЕЛІНДЕГІ ӨРТ

30-шы қарашада Алматыда хостелдердің бірінде өрт болып, оқиға орнынан 13 адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың тоғызы қазақстандық, қалғаны шетелдіктер. Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектесті. Өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болған. Ол банктердің біріне тиесілі болған. Банк оны кепіл-мүлік ретінде жалға берген. Жалпы хостелде 72 адам тұрып жатқан. 59 адам сыртқа шығып үлгерген. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

МҰҒАЛІМ МЕН ОҚУШЫЛАР ҚАЗА ТАПТЫ

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында таксиге мінген 5 оқушы мен 1 мұғалім жол апатына ұшырады. Toyota Alphard машинасы жүк көлігіне соғылған. Құрылыс елді мекенінің маңында оқушылар отырған  көлік қарсы бетке шығып, жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан 15 және 16 жастағы екі оқушы мен 25 жастағы мектеп директорының орынбасары сол жерде жан тапсырды. Олар аудан орталығына пәндік олимпиадаға қатысуға бара жатқан. Жарақат алған 2007-інші және 2008-інші жылы туған қыздар мен 2008-інші жылы туған ер бала Ырғыз ауылына жеткізілді. Олар бастарынан ауыр соққы алды.

АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІН ТАЛДЫРЫП, 3 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ 

22 желтоқсанда Алматыда тағы бір шулы оқиға тіркелді. Кешкі уақытта  47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жанжал шығарып, рулдегі  жүргізуші әйелді ұрып, талдырған. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты.Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді.Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған жігіт қамауға алынды.  Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды.

Табиғи апаттарға адам іс жүзінде дәрменсіз. Алайда елімізде орын алған орқыс оқиғалардың көбі жауапты басшылардың немқұрайлылығынан немесе пайдакүнемдікке деген шексіз ашкөздігінен орын алға қайғылы жағдайлар. Бүкіл елді әуреге салған, орны толмас өкініш әкелген жоғарыдағы трагедиялар бәріміз үшін сабақ болуы керек! 

Серіктес жаңалықтары