Коронавирустан көз жұмған 6-шы науқас Ресейден қатынаған жүк көлігінің жүргізушісі болған
Оның мәйітін көмуді қалалық басқарма (ТСҚБД) ұйымдастырады
Шымкент қаласында 5 сәуірде COVID-19 - дан бір адам көз жұмды. Науқас 1964 жылғы, Түркістан облысының тұрғыны, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізуші болып жұмыс істеген. Бұл туралы coronavirus2020.kz хабарлайды.
«Ол соңғы апта ішінде Ресейден Мәскеу-Ақтөбе-Қызылорда-Шымкент-Алматы бағыты бойынша 1988 жылғы ұлымен бірге келе жатқан. 03 сәуір күні Шымкент қаласы Темірлан тас жолы мекен-жайынан денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты науқастың өзі жедел жәрдем шақырып, сағат 10-00-де жедел медициналық жәрдем көлігімен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында консилиум жүргізілген, диагнозы: өкпе қабынуы, қант диабеті. 3 сәуірде коронавируске сынақ тапсырып, оң нәтиже анықталған. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен кезде науқастың жағдайы өте ауыр болған, жасанды желдету аппаратына қосылған. Қарқынды терапия жүргізілуіне қарамастан, жүрегі тоқтаған. Ол 5 сәуірде сағат 03-50 минутта қайтыс болды», - делінген хабарламада.
Марқұмның қасында болған ұлы қазіргі уақытта ол Алматы қаласына келген, сол жерде стационарлық карантинге оқшауланды.
Қалада тіркелген барлық жағдайлар бойынша 327 адам науқастармен байланыста болған, оның ішінде 177 «жақын» және 150 «потенциалды науқас» карантинде жатыр.