Коронавирус: Қостанай облысында тіркелген алғашқы науқас жайлы ақпарат жарияланды
1991 жылы туған азаматша Египеттен 23 наурыз күні келген
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев бүгінгі Қостанай облысында тіркелген науқас туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«1991 жылы туған азаматша 23 наурыз күні «Шарм-эль-шейх-Алматы» рейсімен ұшып келген. Оны және Қостанай облысының тағы 4 азаматын алғашқы тексеру кезінде вирус анықтаған жоқ. Осылайша олар Отар стансасынан пойызға отырып, үйлеріне бағыт алған. Алматы қаласы мамандарынан ақпарат түскен соң, Қостанай облысының жауапты органдары алгоритмге сәйкес шара қабылдады. Аталған тұлғалар және олармен байланыста болған барлық жолаушылар мен жолсерік, барлығы 12 адам оқшауланды», - деді М.Жүндібаев.
Оның айтуынша, госпитализациялау кезінде алынған талдау теріс нәтиже көрсетті. 12 сәуір күні қайтадан алынған талдау аталған азаматшада оң нәтиже, қалған адамдарда теріс нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта тиісті эпидемияға қарсы шаралар қабылданып жатыр.