42 500 теңге: Алматы облысында пошта мен банкте жиналғандарды полиция тарата алмады
Шамалған тұрғындары eGgov.kz порталын аша алмай, әкімдікке басып кірген
Қарасай ауданының орталығына жиналған халықты коронавирус жұқтыру қаупі де тоқтата алмаған. 42 500 теңге жәрдемақы үшін есепшот аштыруға пошта мен банк ғимаратына келген тұрғындарды полиция тарата алмай әлек болды.
Айта кетейік, Алматы облысында COVID-19 вирусын жұқтырған 9 адам тіркелген. Облыста адамдардың шоғырлануына, той-жиын өткізуге және басқа да шараларға қатысуға тыйым салынған. Соған қарамастан, кешелі бері Қарасай ауданы орталығындағы Kaspi bank филиалы алдына ондаған адам жиналып, төтенше жағдай режимін бұзды. Дегенмен, полиция оларды жауапқа тартқан жоқ.
«Адамдарға әзірге тек ескерту жасап жатырмыз. Тыңдамайды. Бәріне бірдей айыппұл салайық десек, көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен, ертең ауыр болады, ашындырып алуымыз да мүмкін. Сондықтан адамгершілік тұрғысынан қарап, әзірге тек түсіндірумен ғана шектеліп отырмыз. Ғимарат ішіне 5 адамнан артық кіруге болмайды дедік. Банк өкілдеріне қосымша маман тарту керек екенін айтып жатырмыз. Осы жағдайды өз мүддесіне пайдаланып жатқан үш адам бар, соларға шара қолданамыз», - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Халық топтасып жиналған Қаскелеңде 8 адам коронавирус жұқтырып ауырып жатыр. Бірақ бұл цифр 42 500 теңгеге ұмтылған халықты тоқтата алмады. Кеше олар Шамалған стансасындағы әкімдіктің ғимаратына басып кірген болатын. Мемлекет тарапынан жәрдемақы беріледі дегенді естіген тұрғындар алдымен eGov.kz порталы арқылы құжа рәсімдемек болған. Алайда, сайт істен шыққаннан кейін халық жаппай әкімдік ғимаратына келіпті.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы