ШұғылАлматыда ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Әскери жиынға шақырылғандарға 42 500 теңге төленеді

Олар бекеттерді күзетеді, дезинфекция жасайды, су тасқынымен күреске тартылады

Әскерге төтенше жағдай уақытында шақырылғандарға барлық тиісті әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Киім-кешек, тамақ беріліп, медициналық көмек көрсетіледі. Жұмыс істейтіндердің жұмыс орны, қызметі сақталады. Жұмыссыздарға ең төменгі жалақы, яғни 42 мың теңге төленеді.  Бұл туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев түсіндірді.

«Олар заңға сәйкес әскери қызметкер статусына ие болады. Сондықтан барлық әлеуметтік жеңілдіктерді алады. Жұмыс орны бойынша мемлекет есебінен орташа жалақы төленеді. Ал жұмыссыздарға ең төменгі жалақы беріледі. Мысалы, шақырылған азаматтың айлығы шақырылғанға дейін 200 мың теңге болса, әскери жиындағы әр айына сол 200 мыңды алады. Бұған дейін еш жерде істемегендерге жаңағы айтқандай, ең төмен жалақы – 42500 теңге береміз», - деді министр.

Шақырылғандар блок-бекеттерде тұрып, көше күзетуі мүмкін. Дезинфекциялық жұмыстарға да қатысады. Нысандарды күзетеді. Сонымен бірге, көктемдегі су тасқынының алдын алуға тартылады.

«Біз шақыру кезінде өздігінен барғысы келгендерге басымдық береміз. Елдегі төтенше жағдайға байланысты бізге ел алдында тұрған міндеттерді орындауға үлес қосқысы келетін жастар көп хабарласады. Жастардың патриоттық сезімі жоғары. Кешегі Қаулыдан кейін бірден звондап, үйде бос отырғанша жұмыс істейік деп жатыр. Мемлекет барлығын біз қазіргі қиын жағдайдан тезірек өтуіміз үшін істеп жатыр. Бәріміз жұмылып үлес қоссақ, тезірек қалыпты өмірге қайта аламыз», - деп жағдайды түсіндірді Қорғаныс министрі.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан