Қырғызстанда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас көз жұмды
61 жастағы науқас жақында шетелден оралған екен
Қырғызстанда COVID-19 вирусын жұқтырған науқастардың бірі көз жұмды. Ол – елдегі коронавирус жұқтырғандар арасындағы алғашқы құрбан. Бұл туралы COVID-19 вирусымен күрес жөніндегі республикалық штаб мәлімдеді, деп жазады КАБАР агенттігі.
«2 сәуір күні Ош облысының Ноқат аумақтық ауруханасында 61 жастағы науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Науқас шетелден келген соң стационарлық оқшаулауда болған, кейіннен ем қабылдаған, ПЦР сынамасы алынып, COVID-19 вирусын жұқтырғаны нақтыланған», – делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, науқастың басқа да созылмалы аурулары болған.
Қырғызстанда 3 сәуірде тағы 9 адамның коронаирус жұқтырғаны белгілі болды. Осылайша, бұл елде қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 125 адамға жетті. Бес азамат емделіп, ауруханадан шығарылған.