Қылмыстық іс қозғалды: Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін
Аталған оқиға бойынша Астана қалалық ПД пікір білдірді
Астана қалалық полиция департаменті мейрамханалардың бірінде болған әйел адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Полиция мәліметінше, жары Салтанат Нүкееваны өлтірді деп күдіктелген бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Астанадағы мейрамханалардың біріндегі әйел адамның өлімі ҚР Қылмыстық кодексінің адам өлтіруге қатысты 99-бабының 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр», - деп хабарлады ПД өкілдері.
Бұл бапқа сәйкес, өзге адамның өліміне қасақана кінәлі адам сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, соның салдарынан әйел адам дене жарақатынан көз жұмғаны хабарланды. Оқиға орнына келген дәрігерлер 1992 жылы туған әйелдің қайтыс болғанын анықтаған.
Полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. БАҚ пен әлеуметтік желілерде ұсталған адамның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, ал марқұмның оның әйелі екені айтылған. ҚР ІІМ орынбасары Сәкен Сәрсенов экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Желіде ұсталған Бишімбаевтың ұсталған кездегі суреті жарияланды.