ІІМ экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша пікір білдірді
Қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізіліп жатыр
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов «Bau» мейрамханасында болған қайғылы жағдайға қатысты Ұлттық экономика министрі лауазымын атқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады,деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ол ұсталды. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Қалғанына қатысты түсінік бере алмаймын. Жұмыс барысында сізге қосымша ақпарат беріледі», - деді Сәкен Сәрсенов.
Ішкі істер министрінің орынбасары экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтте оның есірткі қолданғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді.
«Қазір бұған түсінік бере алмаймын. Жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты мен ешқандай түсінік бере алмаймын», - деді ол.
Журналистер вице-министрден әйел өлтірілді деген мейрамхананың қызметкерлері әрекетсіздігі үшін жауап бере ме деп сұрады.
«Қазір осы іс аясында бізде тергеу бөлімінің қызметкерлері айналысып жатыр. Олар кейінірек түсініктеме береді деп ойлаймын», - деп жауап берді.
Одан бөлек, Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы ресми ақпараттың неге кеш берілгенін түсіндірді.
«Біздің полиция департаменті бәріне бірдей ақпарат жіберді. Сондықтан біреуге растады, ал біреуге растамады деп айту дұрыс емес шығар», - деді министрдің орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қарашада әлеуметтік желілер мен БАҚ-та бұрынғы Ұлттық экономиканың министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Артынша полиция түсініктеме бергенімен, ұсталған адамның аты-жөнін атамады.