Павлодар облысында жол апатынан екі адам қаза тапты
Жол-көлік оқиғалары фактілері бойынша тексеру жүргізілуде
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше Ақсу қаласында Абай - Молодежная көшелерінің қиылысында «Renault Symbol» маркалы автокөліктің жүргізушісі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, «Chevrolet Nexia» маркалы автокөлікпен соқтығысқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Renault» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Өкінішке орай, жолаушы ауруханада қайтыс болды», – деді департаментте.
9 қарашада сағат 06.15-те Ақтоғай - Харьков автожолында ВАЗ-21134 маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік кюветке аударылып кеткен. Жүргізуші алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Автокөліктер арнайы айып тұрақтарына қойылды.
Биыл облыс жолдарында 409 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 67 адам қаза тауып, 506 адам жарақат алды.