Алматы облысында қарақшылық шабуыл жасап, 40 млн теңге ұрлағандар ұсталды
Қарулы адамдар жеке үйді тонап кеткен
Алматы облысының полицейлері қарақшылық шабуылдың барлық қатысушысын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменті басшысының хабарлауынша, оқиға 8 қазанда болған.
«Жамбыл ауданы ПБ-ға үш адамнан тұратын белгісіз қарулы адамдардың Қасымбек ауылындағы үйлердің бірінен 40 миллион теңге көлеміндегі қаражат, алтын әшекей және өзге де бағалы заттары бар сейфті ұрлап, қарақшылық шабуыл жасағаны туралы ақпарат келіп түсті. Алматы облысы ПД бастығының нұсқауы бойынша арнайы тергеу жедел тобы құрылып, олар қысқа мерзім ішінде 41, 37 және 24 жастағы үш күдіктіні ұстады», - деді Алматы облыстық ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы «Қарақшылық» бойынша тіркелді.
«Қазір қылмысты тергеуде оның толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатындағы барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Б. Әленов.
Істі тергеу барысы облыстық полиция бастығының жеке бақылауына алынды.