Ақтауда спортшы қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды – прокуратура
Валерия Шальнованың денесі Ақтаудағы су каналының маңынан табылған еді
Ақтауда спортшы Валерия Шальнованы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 10-тармағы (зорлау және кісі өлтіру), 191-бабы 1-бөлігі (тонау) және 121-бабы 1-бөлігі (жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер) бойынша жолданған.
«ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 24-бабына сәйкес істі дұрыс шешу және мән-жайды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданды. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жариялауға жатпайды», - деп жазылған хабарламада.
Еске салсақ, биыл 2 шілде күні 21 жастағы спортшы қыз Валерия Шальнованың денесі Ақтаудағы су каналының маңынан табылған еді.
8 шілдеде спортшы қыздың өліміне қатысты іс «Адам өлтіру» бабына ауыстырылды.