Шымкентте халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер ұсталды
Қазіргі таңда, күдікті қамауға алынды
Шымкентте халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменті хабарлағандай, ер адам Өзбекстанның құқық қорғау органдарынан алаяқтық жасағаны үшін жасырынып келген.
«Заңсыз келуші -2023» өңірлік операциясы кезінде Тұран АПБ-ның көші-қон қызметкерлері Жергілікті полиция бөлімінің тәртіп сақшыларымен бірлесіп, ел аумағында заңсыз жүрген 34 жастағы шетел азаматын ұстады.
«Құқық бұзушының жеке басын анықтау кезінде, Өзбекстан Республикасында халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер екені белгілі болды. Көрші елдегі полицейлердің бағыттамасында, ер адам 2022 жылы қылмыстық жауапкершіліктен бас сауғалап қашып кеткені және қарулы болуы мүмкін екені көрсетілген. Алайда шетелдіктен ешқандай қару табылмады», - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі таңда, күдікті қамауда. Оны Өзбекстан Республикасына экстрадициялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.