Алматы облысында кәмелетке толмаған бала мопедпен апатқа ұшырады
Ол дене жарақатын алды
Алматы облысының Талғар ауданында кәмелетке толмаған жігіт мопедпен апатқа ұшырады. Видеодан жігіттің аяғы сынып кеткенін анық көруге болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Соңғы уақытта мопедтер мен скутерлердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Азық-түлік жеткізушілер негізінен мопедпен жүреді. Ал үлкен компаниялар тапсырыстарды орындауға үлгеру үшін кез келген ережені бұзуға дайын.
2023 жылдың басынан бастап маусым айына дейін мопедтердің қатысуымен елде 84 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан бір адам қаза тауып, тағы 86 адам зардап шекті. 2022 жылы мопедтердің қатысуымен 352 апат орын алып, 10 адам қаза тапқан. 390 адам әр түрлі деңгейде жараланған.
ІІМ хабарлауынша, мұндай оқиғалар көбіне Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жиі орын алады.
30 тамыздан бастап елімізде мопедтер мен электрсамокаттарға талап күшейетінін еске саламыз. Яғни, олардың статусы заңмен белгіленді – рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы 25 км/сағ аспайтын көлік құралы ретінде танылады. Сонымен қатар, мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды.
Бұған дейін, Шымкентте жеңіл көлікпен соқтығысқан скутер жүргізушісі ауыр жағдайда ауруханаға түскенін жазған едік.
Ал, Талдықорғанда той кортежі скутер жүргізушісін қағып кеткен еді. Ол кезде де мопед жүргізушісі кәмелетке толмаған, бар болғаны 13 жастағы бала еді.
2023 жылдың 4 айында Алматыда мопедтердің қатысуымен 309 жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан 303 адам жарақат алып, бір адам қайтыс болды. Төрт айда скутерлердің қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы орын алды. Нәтижесінде 6 адам жарақат алды, қаза тапқандар жоқ.
Мопед жүргізушілеріне тыйым салынады:
- жаяу жүргіншілер өткелдерімен жүруге;
- жолаушыларды тасымалдауға;
- ұзындығы немесе ені бойынша габариттері бойынша елу сантиметрден асатын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға.
Авторы: Сымбат Ғалымжан