БҚО-да жолаушылар автобусы аударылып, жүргізуші қаза тапты

Апат салдарынан 18 адам жарақат алды

БҚО-да жолаушылар автобусы аударылып, жүргізуші қаза тапты
Фото: mgorod.kz

БҚО-да жолаушылар мінген автобус аударылып, жүргізуші қаза тапты. Сондай-ақ апат салдарынан 18 адам жарақат алды, хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиға 18 тамызда таңғы сағат 9:00-де Тасқала ауылындағы Скоробогатова мен Чижинская көшелерінің қиылысында болған.

«Hyundai Elantra көлігінің 34 жастағы жүргізушісі жол ережесін сақтамай, Toyota Coaster автобусымен соқтығысқан. Соның салдарынан жолаушылар көлігінің 53 жастағы жүргізушісі жансақтау бөлімінде қайтыс болды», - делінген хабарламада.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам бас ми жабық жарақатын алған, миы шайқалып, қабырғалары сынған, өкпесі зақымдалып, сүйектері сынған. Ол алған жарақаттарынан есін жимастан жансақтау бөлімінде көз жұмған.

«Сондай-ақ тағы 17 адамға медициналық көмек көрсетілді. Жеңіл көлік жүргізушісіне жабық бассүйек-ми жарақаты және миы шайқалған деген диагноз қойылды. Ол нейрохирургия бөліміне жатқызылды, жағдайы ауыр. Ал 47 жастағы жолаушы әйелдің сол жақ бұғана сүйегі мен қабырғасы сынған. Травматология бөліміне орташа ауырлықта түсті», - деді дәрігерлер.

Қалған 15 жолаушы тексерілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. Олардың арасында алты және екі жасар балалар да бар.

Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.