«Тойдан шығып, демалуға барған»: Сырдарияға батып кеткен туыстар жайлы жаңа дерек айтылды

Суға батып кеткен 11 адамның 8-і кәмелеттік жасқа толмаған

«Тойдан шығып, демалуға барған»: Сырдарияға батып кеткен туыстар жайлы жаңа дерек айтылды
фото: otyrar.kz

Сырдарияға батып кеткен туыстар тойдан шығып, демалуға барған. Түркістан облысы әкімдігінде қайғылы жағдайға қатысты жаңа дерек айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Түркістан облысында Сырдария суына батып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Суға батып кеткен 11 адамның 8-і кәмелеттік жасқа толмаған.

«Бұл жерде бір әулеттің отбасы тойдан шыққан соң су жағасына демалуға барған. Баршасы шомылатын жер емес екендігін білген. Себебі, ешбірі суға шомылатын киіммен түспеген. Су жағасында отырғанда кішкентай қыздың бірі аяғы тайып, құлап кеткен. Оны құтқармақшы болып соңынан анасы мен әкесі секірген. Содан ағын судан шыға алмай қалған деген болжам бар. Ал, аман қалған отбасы мүшелеріне көршілері мен ағайындары көмектескен», - делінген Түркістан облысы әкімдігі тарапынан берілген ақпаратта.

Еске салайық, қайғылы жағдай 21 тамызда кешкі уақытта болған. Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірінің маңында бір-біріне жақын туыс болып келетін 4 отбасының 20 шақты адамы демалып жүрген. Алайда демалыс соңы аса қайғылы жағдайға ұласып, 11 адам шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға батып кеткен.

Суға кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Қалған 3 адамның мәйітін іздеу жалғасып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.