Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы кезінде мотоциклші қаза тапты

Осы фактіге сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы кезінде мотоциклші қаза тапты
Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы кезінде мотоциклші қаза тапты, деп Azattyq Ruhy ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

20 тамыз күні сағат 16:04-те Ақкөл ауданының полиция кезекші бөліміне Астана – Щучинск автомагистралінің 104-ші шақырымында, Гелиос ЖМҚС-ға қарама-қарсы бағытта ЖКО болғандығы туралы телефон хабарлама келіп түскен.

Тәртіп сақшыларының анықтауынша, HONDA мотоциклінің 39 жастағы жүргізушісі Гелиос жанармай құю бекетінен Астана – Петропавл автомагистраліне жылдамдықпен шығып кетіп, көлікті басқара алмай, Петропавл қаласының 57 жастағы тұрғынының басқаруындағы Lexus RX-300 көлігіне соқтығысқан.

Салдарынан мотоциклші қисық сызықты жол қоршауына ұшып кеткен.

Апаттан зардап шеккен адам бірден Ақкөл қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізілген, алайда алған ауыр жарақаттарынан жүргізуші қайтыс болды.

Медициналық қорытындыға сәйкес, Lexus RX-300 автокөлігінің жүргізушісі ішімдік ішпегені анықталды.

Осы фактіге қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізіліп жатыр.

Ақмола облысында жазғы маусымда мотоциклдермен 13 жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 19 адам зардап шегіп, екі адам қаза тапты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.