Карантин кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың дәрісін дәрігер жеткізіп береді

Бұл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Денсаулық сақтау басқармасының ұсынып отырған мәліметі

Бүгін онлайн-брифинг кезінде Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған соңғы жеті адам туралы ақпарат айта келе, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова карантин кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың дәрі-дәрмегі олардың үйіне тасымалданатынын айтты.

Сәуле Қисықованың айтуынша, 19 наурыз күні коронавирус инфекциясы тіркелген 7 адамның біреуі 18-інші наурыздан бері станционарда жатқанын еске салды. Қалған алты адам 19 наурыз күні дәрігерге қаралған.

«3 пациенттің тамағы жыбырлап, құрғақ жөтел болған.  Екеуінің дене қызуы көтерілген. Қазір  барлық пациенттің жағдайы жақсы, дене температуралары бірқалыпты», - деп хабарлады Қисықова.

Коронавирус инфекциясына байланысты карантин кезінде қала азаматтарына бірқатар кеңес айтқан басқарма басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аяғы ауыр келіншектер, сондай-ақ, нәрестелерге қатысты емдік шаралар қандай тәртіппен жасалатынын түсіндірді.

Оның айтуынша, дәрігерге жоспарлы түрде консультацияға жазылған адамдарға кеңес қашықтан айтылады.

«Сондай-ақ, емхана қызметкерлері мүгедектерге дәрі-дәрмекті үйіне жеткізіп береді. Балаларға вакцина күнтізбелік жоспар бойынша салынады. Жүкті әйелдер ауруханаға жоспарлы түрде жатады», - деді Қисықова.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Сұхбат
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат
Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты