ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

Алматыда ақтөбелік төрт студент коронавирус ошағында қамалып қалды

Алматыда бірнеше тұрғын үй карантинге жабылды

Алматы қаласында коронавирус жұқтырғандар туралы ақпарат сәт сайын жаңарып, індет ошағы да артып келеді. Кеше шаһарда «Сұңқар» кешенінде үш бірдей көпқабатты тұрғын үй карантинге жабылған еді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров журналистерге қалада 11 ошақ анықталды деп хабар таратып, ресми ақпаратты бүгін жария етуге уәде берді.

Алайда, өткен түні Достық даңғылында орналасқан «Алматы Тауэрс» тұрғын үй кешенін Ұлттық ұлан сарбаздары қоршауға алған. Таңға жуық билік өкілдері Гоголь, 75 және Қонаев, 51 мекенжайындағы екі үйді толықтай қоршап, оқшаулауға мәжбүр болды. Осы үйдегі пәтерлердің бірінде тұратын Индира Хаметчина есімді әйел Azattyq Rýhy тілшісіне қалыптасқан жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша, екі күн бұрын көршілерінің бірін жедел жәрдем қызметі алып кеткен. И. Хаметчинаға коронавирус күдігімен жатқызылған адамның осы көпқабатты үйде тұрғаны айтылған. 

Сондай-ақ осы үйлердің ауласында төрт студенттің көмек күтіп отырғаны белгілі болды. Олар бүгін күндіз қатынайтын пойыздардың бірімен Ақтөбеде тұратын ата-аналарының жанына баруы тиіс болған. Қолдарында билеті бар. Алайда, туыстарының үйіне қонып шықпақ болған Алматыдағы ЖОО студенттері оқшауланған ғимараттағы тұрғындармен бірге қамалып қалған. Құқық қорғау қызметкерлері оларды үй аумағынан шығарудан бас тартқан.

Толық ақпаратты Azattyq Rýhy тілшісі әзірлеген видеодан көре аласыздар.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы