«Ұшақта кию үшін алғандар бар»: Нұр-Сұлтанда қорғаныс костюмдеріне сұраныс күрт артты

Соңғы күндері дүкен 500 шақты қорғаныс костюмін сатқан

«Ұшақта кию үшін алғандар бар»: Нұр-Сұлтанда қорғаныс костюмдеріне сұраныс күрт артты

Коронавирус инфекциясына байланысты туған үрейдің әсерінен дәріханаларда медициналық маскаға дефицит туғаны белгілі. Соңғы кездері халық маска ғана емес, қорғаныс костюмдерін де жаппай сатып алуға көшкен. Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы киім дүкендеріне хабарласып көріп еді, олар көптен бері қоймада жатқан қорғаныс костюмдерінің соңғы айларда тез өтіп кеткенін айтты.

«Қорғаныс костюмдері бізде тамыз айынан бері болды. Қоймада сақтап отырғанбыз. Қазір бәрі сатылып кетті. Зауыттың енді қашан жеткізіп беретінін білмейміз. Себебі, Ресейден алдыратынбыз. Енді шекара жабылып қалды», - деді сатушылардың бірі.

Негізі, костюмнің екі түрі бар. Бірі шаңнан, екіншісі ылғалдан қорғайтын костюмдер. Адамдар көбінесе ылғалға қарсы киімді алуға тырысады. Себебі, ол денеге ұсақ бактериялардың түсуінен сақтайды. Бірақ қарапайым халық қолдану инструкциясын біле бермейді екен.

«Соңғы күндері қолымызда барын саттық. Адамдар келген кезде нұсқаулық бойынша кеңес беруге тырысамыз. Бірақ үрейдің әсерінен кейбіреулері айтқанымызды тыңдағысы да келмеді. Себебі, костюмді қандай жағдайларда кию керек екенін білу керек. Тіпті, оны ұшақта киіп отыру үшін алғандар да болды.

Елестетіп көріңізші, қорғанамын деп жолаушылар ұшағына қорғаныс костюмімен отырып алған ыңғайсыздау ғой. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша вирустан қорғану үшін адамдар арасындағы қашықтық сақталып, жақын байланысты азайту керек. Көзге, мұрынға қол тигізбеу қажет», - дейді ол бұған қатысты.

Ал кей жағдайда маска мен комбинезондар, тіпті керісінше, вирустың таралуын күшейтуі де мүмкін екен. Себебі, жай адамдар киген соң оны жойып жіберуді, яғни, утилизациялауды ойламайды.

«Кәсіпорындар қорғаныс костюмін белгілі бір ғимаратты, көлікті, жер учаскесін зарарсыздандыру үшін киюге алады. Ауруханалар да алып жатты. Бір костюмді бір рет қана киіп, содан соң оны жою керек. Жұрт оны білмейді. Мысалы, ұшақта кидіңіз делік. Содан соң инфекциясы бар аймақта болдыңыз. Енді қалай утилизациялауды білмесеңіз, өзіңізді қорғаудың орнына, көп зиян табуыңыз мүмкін», - деп түсіндірді сатушы.

Соңғы күндері дүкен 500 шақты қорғаныс костюмін сатқан. Тұтынушылардың арасында 10 мың данаға сұраныс жасағандар да болған. Олар алыпсатарлықпен айналысқысы келіпті.

Қаладағы «ЗУБР» деп аталатын құрылыс дүкенінің иесі Жеңіс Тоқтасынов та соңғы айларда қорғаныс костюмдеріне сұраныс артқанын жасырмайды. Ол құрылыста пайдаланатын ылғалдан, шаңнан қорғайтын комбинезондарды химиялық қорғаныс костюмдерімен шатастырмауға шақырады.

«Біздің дүкенде техникалық маскаларға, респираторларға сұраныс жоғарылады. Бірақ ол медициналық мақсаттағы маска емес. Ал комбинезондарды тамақ жеткізумен айналысатын мейрамханалар алып жүр. Шаң мен судан қорғайтын маскалар вируспен күресуге көмектесе қояды деп ойламаймын», - деп пікір білдірді ол.

Жоғарыда айтылғандай, бір рет киіп лақтыратын комбинезондар 1000-1500 теңге тұрады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.