Павлодарда мопед мінген зейнеткер мен автокөлік соқтығысып қалды
Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр
Павлодарда мопед мінген зейнеткер мен автокөлік соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан мопед жүргізушісі медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 мамыр күні сағат 18:50 шамасында Малайсары батыр - Жібек жолы көшелерінің қиылысында ВАЗ 21074 маркалы көлік құралы мен мопед соқтығысқан.
«ВАЗ автокөлігі айып тұрағына қойылды. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», – деді департаментте.
Облыстық жедел жәрдем станциясында шақырту кеше сағат 18:59-да түсіп, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына екі минутта жеткенін хабарлады.
Зардап шеккен 74 жастағы ер адамда көгеру мен түрлі жарақаттар тіркелді. Зейнеткер Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға жіберілді.