Астананың қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысына қатысты іс қозғалды
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тергеу басталды
Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Azattyq Ryhy.
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Сотқа дейінгі тергеп-тергеу басталғанын растаймыз. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес қосымша ақпарат берілмейді», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Айта кетсек, Әлия Қожабаева 2020 жылдың ақпанында астаналық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану департаментінің басшысы болып тағайындалған болатын.
Әлия Қожабаева Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «экономист-менеджер» мамандығы бойынша түлегі. Заң институтында «заңгер» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясысын «заңтану магистрі», Гуманитарлық-техникалық академиясын «экономика ғылымдарының магистрі» және Швейцария бизнес және халықаралық қатынастар университетін (UBIS-University of business and international studies) «Іскерлік әкімшілік докторы» ғылыми дәрежелерімен тәмамдады.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген.
Еңбек жолын 2002 жылдан бастады.
2002-2003 жылдары Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сот отырысының бас маманы - хатшысы болып жұмыс істеді.
2003-2008 жылдары Ақмола облыстық мәдениет басқармасының құқықтық және кадр жұмысы бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
2008 жылдан бастап ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің Ақмола, Қарағанды облыстары және Астана қаласы бойынша ауданаралық инспекциясында жұмыс істейді. Аумақтық бөлім бастығынан бастықтың орынбасарына дейін жол жүрді.
2012 жылдан бастап Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы қызметін атқарады.
2013 жылдан 2020 жылға дейін Астана қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, қоғамдық даму істері басқармасы және қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2020 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.Айта кетейік, Қожабаева Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасын 2020 жылдың ақпанынан бері басқарып келеді.