Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Мамандар болжамы: СҚО бойынша 100-ге жуық ауылды су басуы мүмкін

Солтүстік өңірдегі жағдай 2017 жылмен салыстырғанда әлдеқайда күрделі

фото: 2017 жылғы СҚО-дағы көрініс

Петропавл қаласының шеткі аудандарына да қауіп төніп тұр. Қазір өңірде түрлі дайындық шаралары қолға алынған. Су басқан аймақтардың тұрғындарын көшіруге арналған 4 эвакуациялық бөлімше жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

2017 жылы болған су тасқыны Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының әлі күнге дейін есінде. Сол кезде жүздеген үйлер мен үй жануарлары табиғи апат аймағында қалып, өңірде төтенше жағдай жарияланған болатын. Енді мамандар осы қыста түскен жауын-шашын мөлшеріне сүйеніп болжам жасап, биылғы су тасқыны одан да жойқын болатынын айтады. Қар көбесі сөгілер күн жақындаған сайын, жауапты мекемелер де қызу дайындыққа көшкен.

«Су тасқыны бола қалса, 150 адам кезекшілікке жұмылдырылады. 189 техника дайын. Аса қауіпті аймақтар - Есіл өзенінің жағасында орналасқан саяжай учаскелері мен жеке тұрғын үйлер. Сондай-ақ, үй жануарлары үшін арнайы орындар қарастырылған. Апат болған жағдайда, азаматтар баспанасын электр қуаты мен газдан ажыратуы тиіс. Өздерімен бірге құнды заттар мен құжаттарын алып шығуы шарт», - деді Петропавл қалалық ТЖБ бастығы Дмитрий Растихин.

Ашылған 4 эвакуациялық бөлімшенің бірі Заречный кентінде орналасқан. Аталған ауданда қауіпті жерден көшірілетін 50 адамның 15-сі мүмкіндігі шектеулі жандар болса, 8-і жүкті әйелдер. Эвакуациялық бекетке апат орнынан арнайы тасымалдайтын техника болады.

«Әзірге 8 бөлме дайын. Асхана, ана мен бала, жатын бөлмелер қарастырылған. Телефон байланысы болады. Сондай-ақ, керекті азық-түлік жеткізіледі. Қажеттілік туындаса, қосымша орындар саны көбейтіледі», - деді эвакуациялық бөлімшенің жетекшісі Абай Қаскин.

Эвакуациялық бөлімшелер Заречный, Ойқала, Жас өркен және Былғары зауыты ықшамаудандарында ашылды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО